| ||||||
Экономиканы реттеудің қаржылық механизміМемлекеттік бюджет құрылымы. Бюджет дефицитіМемлекеттік бюджет - үкіметтің иелігінде болатын ірі орталықтандырылған ақша қоры. Бюджет мемлекеттің қаржы ресурстарын қазіргі тарихи кезеңде экономиканың анағұрлым маңызды секторларына шоғырландыруға мүмкіндік береді. Мемлекеттік шығыстардың маңызды баптарына экономиканың өндірістік секторының қызмет етуі үшін анағұрлым қолайлы алғышарттарын қалыптастыруға; әлеуметтік инфрақұрылым объектілерінің, яғни білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет объектілерінің құрылуы мен қызмет етуіне; қорғаныс саласына; ғылыми-зерттеу және конструкторлық жұмыстарды қаржыландыруға; мемлекттік басқару аппаратының өз қызметтерін атқаруға байланысты шығыстар жатады. Мемлекеттік бюджеттің табыстары салықтар, мемлекеттік займдар, капиталмен жасалатын операциялардан табыс, сонымен қатар аталмыш бюджеттен тыс қорлардың (ресми трансферттер) түсімінен тұрады. Шығыстар мөлшері бойынша табысқа тең болса, бюджет балансты болады. Табыстардың шығыстардан артуы, мемлекеттік қарызды жабуға жұмсалатын, бюджеттік артықшылықты құрайды. Бюджеттік дефицит деп мемлекеттің шығыстарының оның табыстарынан артып кетуі аталады. Дефицит экономиканың дамуына ірі мемлекеттік салымдардың қажеттілігімен байланысты болуы мүмкін. Сонымен қатар төтенше жағдайлардың нәтижесінде әдеттегі шығыстар жетпеген кезде болады. Осы екі себеп бойынша туындайтын дефицитті құрылымдық деп атауға болады. Ол экономиканы тұрақтандыру бойынша мемлекеттік саясаттың дұрыс өнімі болып табылады және экономикалық конъюнктурада кенеттен ауытқулардың болмауына елеулі көмек көрсетеді. Циклдік дефицит өндірістің циклдік құлдырауының нәтижесінде болады, экономикадағы дағдарыстық құбылысты, үкіметтің елдегі қаржылық жағдайды бақылай алмауын бейнелейді. Бюджеттік дефицитті жою үшін келесі шаралар жүргізіледі: бюджеттік шығыстарды қысқарту, эмиссия, қосымша табыстар көздерін табу және ақшаны қарызға алу. Бюджеттік дефициттің тудыратын тағы бір мәселесі – бұл елдегі барлық кездегі қалыптасқан жабылмаған дефициттің сомасын құрайтын мемлекеттік қарыз. Қазақстанда бюджеттің қаржылары негізгі қоғамдық міндеттерді (экономиканың құрылымдық қайта құрылуы, отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету және т.б.) шешуге шоғырландырылған. Бюджеттің әлеуметтік бағыттылығы, тұрғылықты халықты нарықтық тәуекелділіктен, инфляциялық және дағдарыстық құбылыстардан қорғауды қамтамасыз етуге байланысты бағдарламаларды іске асыруға бағыттылық күшеюде. Қазақстанда 2009 жылдан бастап бюджеттік жоспарлаудың жаңа жүйесі енгізілген – республикалық бюджет үш жылға құрылады және бекітіледі. Яғни, Қазақстан алғашқы рет 2009 – 2011 жылдарға үш жылдық республикалық бюджет қабылдады. Енгізілген түзетулерді ескере отырып, 2009 жылға республикалық бюджет келесідей жоспарланды: түсімдер - 2 трлн 837,4 млрд тенге (ЖІӨ- 16,8%), шығыстар - 3 трлн 411 млрд тенге (ЖІӨ-ң 20,2%), дефицит 573,6 млрд тенге, немесе ЖІӨ-ң 3,4%. Қазақстанның 2012 - 2014 жылдарға арналған республикалық бюджет, оның ішінде 2012 жылға мынадай көлемде бекiтiлген: кiрiстер - 4 626 465 541 мың теңге, оның iшiнде: салықтық түсiмдер бойынша - 3 221 081 115 мың теңге; салықтық емес түсiмдер бойынша - 58 458 993 мың теңге; негiзгi капиталды сатудан түсетiн түсiмдер бойынша - 30 230 835 мың теңге; трансферттер түсiмдерi бойынша - 1 316 694 598 мың теңге; шығыстар - 5 253 430 873 мың теңге; тапшылық - -758 547 640 мың теңге немесе елдiң жалпы iшкi өнiмiнiң 2,6 пайызы; бюджет тапшылығын қаржыландыру - 758 547 640 мың теңге. Салықтардың мазмұны және экономикадағы қызметтеріА. Смит салық салудың төрт принципін айқындаған. Оның осы принциптері дамыған елдерде салық салудың негізін құрайды. 1) Өзіне бекем мемлекет мүмкіндігіне қарай қабілеті мен күшіне сай үкіметті ұстауға (қаржыландыруға) қатынасы. Мемлекеттің қорғауымен қамқорлығын пайдалана отырып, қаржыландыру үкіметтің табысына сай жүзеге асады. 2) Жеке тұлға төлейтін салық міндетті түрде айқын болуы керек. Сондықтан төлеу мерзімі, төлем тәсілі, сомасы – барлығы дерлік төлем төлеуші үшін анық әрі ашық және кез келген адамға да солай. 3) Әрбір алынатын салық белгілі уақытта немесе белгілі тәсілмен төлеуші үшін ыңғайлы кезде барлығын төлейді. 4) Әрбір салық ой елегінен өткізіліп, толғағына толық жеткізілгені дұрыс. Оның мемлекет қазынасына құйылуы, халық қалтасынан алғаны және ұстағаны мүмкіндігінше аздау болғаны жөн. Қазынаға құйылғаннан гөрі, салықты халық қалтасынан алу мен ұстаудың көп болуы да әбден мүмкін. Себебі, оны жинау шенеуніктердің көп болуын талап етсе, оларға төленетін айлық сомасы салықтың мол мөлшері арқылы жүзеге асады. Салық дегеніміз тұрғындар, кәсіпорын (фирма) мен ұйымдардан заңға негізделіп алынатын міндетті төлем жүйесі. Салық салудың мақсаты кәсіпорындар, (фирмамен) тұрғындар қаржыларын қоғамдық қажеттілікке (өндірістік және әлеуметтік) тарту болмақ. Салық төмендегідей қызметтерді атқарады: фискалды (тіркелген) немесе жұмылдыру қызметі. Осы қызметте мемлекет бюджеттік шығындарды қаржыландыру үшін салық жинайды; бөлу қызметі, мемлекет қаржыны қайта бөлуді әртүрлі топтардың арасында, территория, облыс, аудандар бойынша жүргізеді; реттеуші қызметі, мемлекет салықтың көмегімен тұтыну және қорлану арасындағы пропорцияны реттейді; ынталандыру қызметі, мемлекет өндіріс пен техникалық прогресті дамыту үшін әртүрлі ынталандыру шараларын жүзеге асырады; шектеу қызметі, мемлекет салық саясаты арқылы кейбір өндіріс түрлерінің дамуын тежейді немесе шектейді; бақылап-есептеу қызметі, мұнда кәсіпорындар мен тұрғындар топтарының қаржы қоры көлемінің табысын есептеуді жүзеге асырады. Салық сипаты тұрғысынан тікелей және жанама болып бөлінеді. Тікелей салық мемлекет тарапынан кәсіпорын және тұрғындар табыстарынан алынады. Оларға айлықтан алынатын, пайдадан алынатын, жылжымайтын мүліктен, бағалы қағаздар операциясынан алынатын т.б. салықтар жатады. Жанама салықты мемлекет тікелей емес, баға арқылы айналдыра отырып алады. Оған – акциздер, кеден баж салығы, қосымша құнға салынған салық жатады. Салықтан алынатын сома – салықтың негізі деп аталады. Салық өсімі үш түрге бөлінеді. Бірінші түрі – прогрессивтік салық өсімі. Мұның мәнісі – табыстың өсуіне қарай салық өсімінің мөлшері өседі. Екінші түріне салық өсімінің пропорционалды өсімі жатады. Үшінші түріне регрессивті салық өсімі жатады. Регрессивті салық өсімі біздің елдегі салық заңдылықтарында қолданылмайды. Бұл өсім кері прогрессивті және оның мәні салық өсімі мөлшерінің ұлғаюын табыстың азаюымен түсіндіріледі. Прогрессивтік салық туралы әңгіме еткенде, ғалымдар жоғары (көтеріңкі) табыс салығы фирма мен тұрғындардың іскерлік белсенділігін төмендетпей ме деген күдікті жиі айтады. Американ экономисі Артур Лаффер 80 - жылдардың басында осы мәселені қарап, мынандай ой түйген: салық өсімінің жоғары болуы адамның экономикалық белсенділігін бәсеңдетіп, оларды салық төлеуден қашуға игермейді. Қызмет жасау арқылы табатын табыстың өмір сүруден гөрі олар жәрдем - - ақыға өмір сүргенді жөн санайды. А.Лаффердің атағын ресторанда салфеткаға салған «Лаффер қисығы» шығарды (6 суретті қараңыз). 6 сурет - Лаффер қисығы 6 - суретте байқағандай Лаффер қисығында салық өсімі 0-ден 100%-ға өскенде, салық түсімі максимальды деңгейде (М нүктесі) көтеріліп, онан соң 0-ге дейін төмендейді. Алайда, салық түсімі ML шартты нүктесінде тепе-тең, бірақ L нүктесіндегі өсімнің төмен деңгейі құптарлық жай. Салық өсімі 50%-дан асқанда адамдар аз жұмыс істейді және ақшасын сақтауға еш тырыспайды. Өзінің күш-жігерін «көлеңкелі экономикаға» бағыттап, нәтижесінде мемлекеттік қазынаның табысы азая түседі. Егер салық өсімі көтерілсе, ерте ме кеш пе оның деңгейі сондай дәрежеге жетіп ешкім жұмыс істегісі келмейді және салықты төлемейді. Сайып келгенде, мемлекетке ешқандай салық түсімі түспейді. Қазақстанда 2009 жылдың 1 қаңтарынан бастап «салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» жаңа заң (Салық кодексі) күшіне енді. Кодекс келесі қарастырады: - тікелей әсер ету заңы принциптерін жүзеге асыру; - экономиканың жаңартылуына және диверсификациялануына ықпал етуші шарттарды жасау; - салықтық әкімшілдендіруді жетілдіру мен салықтық процедураларды жеңілдету есебінен бизнесті жүргізу үшін шарттарды жақсарту; Жаңа Салық кодексі Қазақстанда 11 түрлі салық түрін қарастырады. Олардың негізгілері: корпоративті табыс салығы, жеке табыс салығы, қосылған құнға салық, әлеуметтік салық, жер салығы, мүлікке салық және т.б. Көптеген салықтар бойынша жаңа салық мөлшерлемелері енгізілді. Жалпы алғанда, жаңа Салық кодексін қабылдау экономикалық белсенділіктің ынталануына ықпал етеді және Қазақстан экономикасын әлемдік экономикалық және қаржылық дағдарыс жағдайында тұрақтандыру Бағдарламасының маңызды құралы болып табылады. Фискалды экономикалық саясатФискалды саясат өз әсерін мемлекет қазынасының (фиск) негізгі элементтеріне тигізеді. Ол мемлекеттік бюджетпен, салықтармен, мемлекеттің ақшалай табыстар және шығыстарымен тікелей байланысты. Нарықтық экономика жағдайында бұл саясат мемлекеттік экономикалық саясаттың негізгі өзегі болып табылады. Фискалды саясат қаржылық саясаттың бюджеттік, салықтық, табыстар мен шығыстар сияқты ірі формаларын біріктіреді. Жалпы алғанда фискалды саясат мемлекеттің қаржы ресурстарын басқаруды ұйымдастыру бойынша және оларды елдің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешу мақсатында пайдаланылуы бойынша мемлекеттік шаралардың жиынтығында көрінеді. Бюджеттің мемлекеттік сатып алулар, субсидиялар және трансферттер формасындағы шығыстары экономиканы реттеудің тиімді құралы болып табылады. Мемлекеттік реттеудің кейнстік теориясында олар мемлекетті реттеу құралдарының жүйесінде алдыңғы қатарға қойылады. Тауарлар мен қызметтерге шығыстардағы мемлекеттік сектордың үлесі елеулі, мемлекет жылына нарықта экономикалық дамыған елдерде ЖІӨ-ң жартысына дерлік соманы құрайтын соманы шығыстайтын ең ірі сатып алушы ретінде көрінеді. Осылайша, мемлекет жиынтық сұраныстың көлемі мен құрылымына әсер етудің ірі мүмкіндігіне ие. Фискалды саясатта екі негізгі бағытты қарастыру қалыптасқан. Экономикалық бум кезінде фискалды саясат шектеуші бағытқа ие, өсу параметрлерін мүмкіндігінше тежейді. Экономикалық дағдарыс кезінде ынталандырушы сипатқа ие. Екі курстың арасында тұрақтандыру саясаты болады. Тұрақтандыру саясаты – экономиканың анағұрлым тұрақты жағдайына сәйкес болатын фискалды саясат көрінуінің анағұрлым үйреншікті формасы. Ол бір жағынан, тұрақсыз жағдайға көшуді болдырмауға бағытталса, ол үшін экономикалық параметрлерді белгілі бір шекті ұстап тұру керек, ал екінші жағынан, макроэкономикалық көрсеткіштерді оптималды деңгейге жеткізуге тырыса отырып, қалыптасқан экономикалық жағдайды жақсартуға бағытталған. Автоматтандырылған және дискрециялық фискалды саясатты бөліп қарастыру қабылданған. Автоматты стабилизаторлар дегеніміз экономикада қабылданған және әрекет етуші, үкіметтің қатысуынсыз тұрақты жағдайдан ауытқуларға әсер етуге және экономиканы тұрақты жағдайға келтіруге мүмкіндік беретін ережелер мен нормалар. Автоматты стабилизаторлар алдын ала қарастырылған, экономикалық қызметті реттеуші заң актілеріне енгізілген, әрекет етуші ережелерде көрінген. Дискрециялық фискалды саясат дегеніміз шаруашылық өмірмен бекітілген үнемі әрекет етуші ережелер мен нормаларды өзгерту немесе оларға қосымшалар қабылдау бойынша үкіметтің оперативті қаржылық шараларының жиынтығы. Дискрециялық фискалды шаралар экономикалық дағдарыстың ошағын өшіруге көмектеседі. Ақша – несие саясаты және оның құралдарыАқша-несие саясаты да экономикадағы маңызды мәселелердің бірі болып табылады. Ақша массасын реттей отырып мемлекет бағаларға, инвестициялық жобаларға және тұрғылықты халықтың тұтынысына, ұлттық өндіріс көлеміне, инфляция мен экономикалық өсудің қарқынына әсер етеді. Ақша саясаты фискалды саясат сияқты тұрақтандыру құралы бола алады, бірақ экономикаға теріс те әсер етуі мүмкін. Тәртіпке келтірілген ақша саясатынсыз инфляциямен күресу мүмкін емес. Мемлекеттің ақша-несие саясаты дегеніміз мемлекеттің ақша массасы мен несие шарттарын реттеумен байланысты шаралар жиынтығы. Ақша – несие саясатының мақсаты: өндіріс көлемін арттыру, толық жұмыс бастылық, инфляцияны қысқарту. Ақша – несие саясатының негізгі құралдары: - ашық бағалар нарығындағы операциялар: Орталық банктің мемлекеттік бағалы қағаздарды сатуы – сатып алуы арқылы ол коммерциялық банктердің несиелік резервтерін азайтады немесе көбейтеді. Осылайша, Орталық банк несиелік ақша массасын реттейді. Монетарлы ережені (ақша массасы жылына ЖҰӨ-ң өсу қарқынына сәйкес өскен кезде экономикаға теріс әсері болмайды) сақтай отырып Орталық банк қолма қол ақша массасын реттейді. - барлық коммерциялық банктердің Орталық банкте сақталуы қажет қолма – қол ақшасының үлесін анықтаушы минималды резервтеу нормасын өзгерту. Бұл норманы арттыра отырып, Орталық банк коммерциялық банктердің несиелік мүмкіндіктерін шектейді және керісінше; - есептік (дисконттық) пайыздық мөлшерлемені өзгерту. Коммерциялық банктер осы мөлшерлеме бойынша Орталық банктен несие ала алады. Ол неғұрлым жоғары болса, коммерциялық банктер солғұрлым аз несие алады, сәйкесінше фирмаларға солғұрлым аз несие беріледі және керісінше. «Арзан ақша» саясаты жұмыссыздық кезінде, экономикадағы құлдырау кезінде жүргізіледі. Ол мемлекеттік бағалы қағаздарды ашық нарықта сатып алу, міндетті резервтер нормасын төмендету, пайыздық есептік мөлшерлемесін төмендету арқылы жүзеге асырылады. «Қымбат ақша» саясаты жоғарғы инфляция кезінде жүргізіледі. Орталық банк мемлекеттік бағалы қағаздарды сатады, міндетті резевтер нормасын көтереді және пайыздық есептік мөлшерлемені көтереді. Қазақстанның Ұлттық Банкі келесідей негізгі қызметтерді атқарады: - Қазақстан Республикасында мемлекеттік ақша – несие саясатын жүргізу; - банктің және Үкімет пен басқа да мемлекеттік органдардың агенті қызметін атқару; - банктердің қызметін бақылау мен қадағалау және олардың қызметін реттеуді жүзеге асыру; - Қазақстан Республикасында валюталық реттеуді және валюталық бақылауды жүзеге асыру; - алтын валюталық қорды басқару.
... Спрятанная информация ...
Категория: Экономика |
Просмотров: 854 |
Добавил: muhamed08
| Теги:
| Рейтинг: 0.0/0
| Всего комментариев: 0
|
||||||
При копировании необходимо указывать ссылку на источник. Newskz.ru © 2012-2026. Административные вопросы: admin@newskz.ru
|
||||||